2018 © NURORDA МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ

Оқушыларымыз «Mostratec» ғылыми жобалар байқауынан жүлделі оралды

November 3, 2016

 

         «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-ші сынып оқушылары Бразилияның Порту-Алегри және Нову Гамбург қалаларында өткен халықаралық «MOSTRATEС» ғылыми жобалар байқауында мол табысқа кенелді. Әлемдік білім додасында Қазақстан намысын қорғаған 7 оқушымыз алтын, күміс және қола медальдар жеңіп алды.

      Әлемнің 20-ға жуық мемлекеті қатысқан жарысқа лицей оқушылары қазылар алқасының назарына биология, алгебра және геометрия пәндерінен зерттеу жұмыстарын ұсынды.

Оңтүстік Америкадағы бұл ғылыми жобалар жарысы биыл 31-ші рет жалауын көтерген халықаралық «Mostra Internacional de Ciência e Tecnologia» білім көрмесі аясында өтті. Көрмеде ғылыми жұмыстар сайысымен қатар, техникалық білім беру жайында семинар, робот техникасының фестивалі, түрлі мәдени және спорт шаралары да ұйымдастырылды.  

      «Mostratec» көрмесінің басты мақсаты – оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын ынталандыру, ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы шығармашылық қызметке тарту, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсету және оқушылармен жұмыс істеу үшін мамандарды тарту.

      Қазақстан атынан сынға түскен елордалық бір топ оқушы Бразилия, АҚШ, Қытай, Аргентина, Дания, Индия, Индонезии, Италия, Мексика, Португалии, Түркия сияқты мемлекеттердің дарындыларымен жарысты. Олар университет профессорлары, ғылыми зерттеу орталықтарының қызметкерлері және профильдік компаниялардың өкілдері кірген қазылар алқасының назарына математика, физика, химия және информатикадан зерттеу жұмыстарын ұсынды.

Елордалық оқушылардың ең үздік 10 жұмысы байқаудың финалдық кезеңіне өтті. Оның ішінде органикалық заттардан отын алу, озонның жердегі өсімдіктерге зиянды әсерінің дәлелдері, айналмалы цилиндрлері бар жел қозғалтқышының аэродинамикалық сипаттамалары, геометриядағы көпөлшемді кеңістік пен алгебралық теңсіздіктер тақырыбындағы жұмыстар жоғары бағаға ие болды.

    Сондай жұмыстардың бірі – «NURORDA» мектеп-лицейінің 11 «А» сыныбында оқитын Мехмет Фатих Дилекчинің Дарын Адамов және Дәурен Абылқасыммен бірлесіп істеген «Жапырақ қалдықтарынан этонол өндіру» жобасы. Оқушылар ерекше тәсілмен алынатын биоотынды өндірудің артықшылықтары мен пайдасын ұсынды. Альтернативті энергия саласындағы бұл ғылыми жұмыс өте жоғары баға ие болып, Қазақстан қоржынына алтын медальдар салды.

       Ал, лицейіміздің 11 «С» сыныбында оқитын Ақселеу Әлімжанов, Уәли Жүнісов және Ислам Каримовтан құралған команданың ғылыми жұмысы «Жазықтық пен көпөлшемді кеңістіктегі бүтін сандар геометриясына» арналды. Геометрияның аса күрделі саласында жасалған бұл жоба да қазылар алқасының назарына ілікті. Мектеп түлектерінің тыңғылықты жасалған еңбегі бағаланып, білім додасының күміс жүлдесімен марапатталды.

       Осыған қоса, мектебіміздегі 11 «С» сыныбында білім алатын Алихан Алдибаев, Ілияс Сағадиев және Дархан Шаяхметов бастаған топ халықаралық конкурсқа «Теңсіздіктерді монотонды бірізділік арқылы шешу» тақырыбын ұсынды. Оқушылар өз жұмысында әртүрлі теңсіздіктерді шешудің жаңа әрі жеңіл тәсілін көрсетті. Жігіттердің 7 айға созылған ғылыми ізденісінің нәтижесі – көрменің қола жүлдесі.

      Осылайша мектебіміздің оқушылары Қазақстан абыройын Бразилияда асқақтатып, білім саласындағы мерейін үстем етті. Жалпы, «MOSTRATEK» ғылыми жобалар байқау қорытындысы бойынша, елордалық оқушылар 7 алтын, 6 күміс және 7 қола медальға ие болды.

     Үздік жұмыстардың авторлары дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және білім гранттарымен марапатталды. Шараны ұйымдастырушылар қазақстандық оқушылардың жақсы дайындалғанын атап өтіп, Қазақстандағы білім деңгейіне жоғары баға берді.

 

Please reload

Соңғы акциялар
Please reload

Please reload