2018 © NURORDA МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ

Оқушыларымыз Жаңа жылды тойлады

December 29, 2016

 

Жаңа жыл – қуаныш пен шаттыққа, сиқыр мен арманға толы таңғажайып мерекелердің бірі. Барлығымыз бұл мейрамнан жарқын ертегі, жаңа бақыт пен үкілі үміт күтеміз. Мектебімізде өткен жаңажылдық шыршалардың мақсаты да оқушыларға осындай ерекше жайдарлы көңіл-күй сыйлау болды. Сол себепті шәкірттеріміз үшін қызықты бағдарлама ұйымдастырылып, түрлі байқаулар ойнатылды.

Мысалы бастауыш сыныптың оқушыларына арнайы Жаңа жыл шыршасы істеліп, әртүрлі қойылымдар ойналды. Әртүрлі батырлар мен кейіпкерлердің киімін киіп келген кішкентай балалар шыршаны айналып, флешмоб билеп мәз-мейрам болды. Олардың мерекесін жалмауыз кемпір қанша «бұзбақшы» болды, бірақ оқушылар оның алдауына түспей, қайта оны жақсылыққа үгіттеді. Осыдан кейін шыршамызға асыға күткен Аяз ата мен Ақшақар келіп, барлығын қуантты. Ал мектебіміздің талапты шәкірттері оған бар өнерін көрсетіп, сый-сыяпат алып мәз болды.

Ал, 5-6 сыныптың оқушылары болса би билеп, ән айтып, пародия мен флешмоб көрсетіп, көпшілік ықыласына бөленді. Осыған қоса олар күш пен ептілікті талап ететін «Боксшы қолғабы», «Бөтелкені дұрыс түсір» сияқты ойындарға қатысып, кім мықтыны анықтады.

Жоғары сыныптың шәкірттері де мерекелік шараға тыңғылықы дайындалып, бар өнерлерін ортаға салды. Ұлдардан құралған би тобы өзінің керемет пластикасымен таң қалдырса, керемет дауысты қыздарымыз жаңажылдық өлеңдер шырқады. Сонымен қатар, барлық жиналғандар үшін арнайы лоторея ойнатылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар таратылды. Ал сахна төріне шығып, көңілді әрі қызықты ойынға қатысқан мұғалімдеріміз мейрамның көркін қыздыра түсті.

Осылайша лицейіміздің барлық оқушылары ән мен биге, күлкі мен шаттыққа толы болған көңілді мерекеде маймыл жылын шығарып салып, тауық жылын қарсы алды. 

Енді шәкірттерімізге Жаңа жылда ауырмай-сырқамай, сабақтарын одан сайын жақсы оқып, көптеген табыстарға жете берсін деп тілейміз!

Please reload

Соңғы акциялар
Please reload

Please reload