2018 © NURORDA МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ

Оқушыларға ұлттық би ерекшеліктерін үйрету

January 13, 2017

          «Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» - деп атақты педагог В.А.Сухомлинский айтып кеткендей, оқушыларды тәрбиелеу үдерісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігі маңызды мәселелердің бірі. Сол өнердің бірі де бірегейі – би өнері.

         Би бір сәттік қана, билеу кезінде ғана өмір сүретін уақытша, өткінші өнер болғандықтан, би шығармашылығы сонымен құнды. Осы орайда біздің «NURORDA» мектеп-лицейімізде би үйірмесі тұрақты жұмыс істеп келеді. Мектеп ішілік болсын, қалалық болсын іс-шараларға белсенді қатысып, оқушыларымызға әртүрлі би үлгілерін үйретіп келеді.

         Би – сөзсіз өнер. Ол – ой мен мазмұнды музыкалық-хореографиялық бейне арқылы ашатын сахналық өнердің бір түрі. Оның қайнар көзі – халық билерінде.

         Халықтың ұлттық ерекшелігіне орай би өнерінің көркемдік бейнелеу құралдары мен мазмұны да әртүрлі болады. Ғалымдардың пайымдауынша, адамның бет-жүзінің әрекет-ишаралары мағынасы жағынан барлық халықтарда бірдей болып келсе де, климаттық және басқадай тұрмыстық жағдайларға, көңіл-күйге, әселеуге байланысты дене мүшелерінің қимыл-қозғалыстары әр халықта әркелкі пішінде болып келеді.

         Әр ұлт халқының өзіне тән би өнері болады. Олардың барлығы өз халқының ішкі жан дүниесін, тұрмыс тәсілін, салт-дәстүрін, идеясын белгілі ритымды қимыл арқылы бейнелейді. Әсіресе би жасампаздығындағы парықтар негізінен би өнерінің ұлттық бояуы ерекшеленеді. Ұлттық бидерде әр ұлттың әдет-ғұрпы мен тәлім тәрбиесі анық көрініп тұрады. Би арқылы әр халықтың болмысын ұғынуға болады.

         Соның ішінде, патриоттық рухымызды дамытатын өзіміздің ұлттық қазақ билеріміз де өзіндік қимылдарымен ерекшеленеді. Әр бидің өзінің шығу төркінін, тарихын бағзы кезеңнен жеткен түрлі аңыздардан байқап білуге болады. Солардың біразына тоқталып кеткенді жөн көрдік.

Қара жорға биінің шығуы жөніндегі аңыз алғашқы саз аспабы (қобыздың) пайда болған, жылқы түлігін үй жануары ретінде қолға үйреткен заманға жетелейді. Түз жылқысын шалмалап ұстап алған жігіт оны қолма-қол үйретіп, ауылына мініп келеді. Жылқы қара әрі жорға екен. Өз табысына қуанып шаттанған әлгі жігіт алдымен атын ойнақтатып, ат үстінде, онан соң жерге түсіп билейді. Осыдан бастап би «Қара жорға» аталыпты-мыс.

Осы тәрізді әуені ойнақы келетін, билеуге лайық ән-күйлерге билеу негізінде «Қамажай», «Айжан қыз» билері туып, халық арасына кең тарады.

         Би өнерін дұрыс оқыту – бұл тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық сазымызды таныта отырып тәрбиелеу. Сонымен қатар оқушының дене бітімін әдемі қалыптасуына үлесі зор, нағыз денсаулықты шыңдайтын пән.

         Біз үйірмемізде оқушыларға бидің көптеген түрін үйретеміз. Мысалы, классикалық, халықтық-сахналық, тарихи-тұрмыстық, сонымен қатар өзіміздің ұлттық биіміз – қазақ билері оқытылады. Балаларымызға жан-жақты болуы үшін қосымша модерн, латын-американдық, аэробикалық, қазіргі заман билері де оқытылады. Үйірмеміздің қатысушылары үйренген билерін ашық тәрбие сағаттарында, мектеп және қалалық байқауларда және әртүрлі флешмобтарда пайдаланады.

         Бұл пәні салауатты өмір салтын қалыптастыруға бастар бірден-бір жол. Биде тәрбиеленген балалардың  жүріс-тұрысы, дауыс ырғағына дейін, ішкі-сезімінің дамуы ерекше келеді. Би – бұл өнер, әрі спорт, ал бимен әрдайым шұғылданатын болса, ол денсаулыққа, әрі өзін жақсы сезінуге пайдалы.

         Би тек қана сырт келбетті емес, сонымен қатар ішкі дүниенің әсем болуына ықпал етеді. Ол  оқушылардың сана сезіміңнің артуына көмектеседі және түрлі зиянды заттардан аулақ болуға баулиды. Би өнері ішкі рухани әлемді ашады, балаларды сұлулыққа тәрбиелейді, игі қасиеттерді оятады, адамгершілік идеяларды насихаттайды.

         Қорыта келгенде би өнері әр оқушының эстетикалық мәдениетін дамыту арқылы оқушының бойында адамгершілік негіздерін қалыптастыру, өз халқының төл рухани мәдениетінің қыр-сырын, салт-дәстүрін білген тұлға елінің патриоты ғана емес, өзге ұлттың да болмысын құрметтей білетін, яғни ұлттық санасы биік, өркениеттің көшіне ілесер жан-жақты болары сөзсіз.

 

Гүлшат Сейдағаламова, би үйірмесінің жетекшісі

Please reload

Соңғы акциялар
Please reload

Please reload